«Қазгеология» ұлттық геологиялық
барлау компаниясы» АҚ

қаз | рус | eng

«Қазгеология» АҚ-тың Бас геологы Берікбол Хамзин ҚР Минералдық ресурстар академиясының академигі атағына ие болды

Print

«Қазгеология» АҚ-тың Бас геологы Берікбол Хамзин Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының толық мүшесі (академик) атағымен марапатталды.

Берікбол Серікбайұлы Хамзин Қазақстанның аса көрнекті геологы, ғұлама ғалым Серікбай Хамзаұлы Хамзаның отбасында дүниеге келіп, балалық шағынан бастап, геолог мамандығының қызығы да, қиындығы да мол өмірінің сан алуан қырларын көргендіктен, оның ащысын да, тұщысын да сезініп өскен.

Күні бүгін геолог мамандығын ата кәсібіне айналдырған Хамзиндер әулетінің геологиядағы жалпы жұмыс өтілі 99 жыл құрайды. Ал, Берікбол Хамзин бұл салада 35 жылдан астам уақыт бойы еңбек етуде.

В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «пайдалы қазбалар кен орындарын барлау және геология» мамандығы, «геолог - инженер» білігі бойынша табысты тәмамдаған Берікбол Хамзин өзінің еңбек жолын Қарағайлы экспедициясында бастап, онда учаскелік геолог лауазымынан бастап, экспедиция бастығы лауазымына дейін кәсіп сатыларының барлығынан өтті.

16 жылғы дала жұмыстары барысында ол көптеген кен орындарын барлау жұмыстарына орсан зор үлес қосқаны үшін «Қазақстанның құрметті геологы» атағына ие болды. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы» өңіршесімен және дипломымен, 2002 жылы «ҚР жер қойнауын құрметті барлаушы» өңіршесімен және дипломымен марапатталды.

Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген кезеңде Орталық Қазақстанда жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастырудан бастап, бақылауға алынған аумақта жер қойнауын ұтымды пайдалануды бақылауға дейін орасан зор жұмыс тындырды.

Б.С.Хамзин Қазақстанның, ТМД елдері мен әлемдегі басқа елдердің сан алуан басылымдарында жарияланған 80-нен астам мақалының авторы немесе тең авторы болып табылады. Оның ішінде Орталық және Солтүстік Қазақстан геологиясы мен экологиясы мәселелері бойынша тең авторы құқығымен 2 монография, сондай-ақ Қарағанды техникалық университетінің Ғылыми кеңесі жоғары оқу орындарындағы оқуда пайдалануға ұсыным жасаған, жалпы геология бойынша қазақ тіліндегі оқу құралын басып шығарды.

Қазақстан делегациясының құрамында мынадай: Бразилия (2000 ж), Италия (2004 ж.), Норвегия (2008ж. ), Австралия (2012 ж.), ОАР (Кейптаун 2016ж. ) өткен халықаралық геологиялық конгрестерге қатысты.

«Қазгеология» АҚ-та Берікбол Хамзин 2011 жылдан бастап жұмыс істейді және күні бүгін оның Бас геологы – Басқарма мүшесі лауазымын атқаруда. Берікбол Хамзин өз қызметі бойынша геологиялық барлау жұмыстарының ағымдағы әрі перспективалы жоспарларының негізгі бағыттарын әзірлеуге басшылық жасайды, жер қойнауының құрылысын кешенді геологиялық зерттеуді жүргізуді қамтамасыз етіп, геологиялық зерттеу және іздеу-барлау жұмыстарының барлық түрлеріне басшылықты жүзеге асырады. Геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту үшін объектілерді дайындауға баса назар аударады.

Берікбол Серікбайұлы Хамзин өзінің бүкіл өндірістік және ғылыми қызметінде елдің минералдық-шикізат базасын ұдайы молайтуды қамтамасыз ететін инновациялық технологияларды қолданудың қазіргі заманғы тәсілдеріне, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстары саласына шетелдік инвестицияларды тартуға зор назар аударуда. Бұдан басқа, Берікбол Серікбайұлы Хамзин жас мамандар даярлауға баса назар аударуда. Күні бүгін компанияда тәлімгерлік жүйесі бойынша 21-ден 30 жасқа дейінгі 48 жас маман еңбек етуде.